Ақиқаттан адасудың азабы - Философия - Реферат - Рефераттар, Курстық жұмыстар, Диплом, Кітаптар, ЕНТ / ПГК - Қазақша рефераттар, Рефераты на казахском
Новости



Сайт туралы
Құрметті де қадірменді сайтымыздың қонағы біз сіздің назарыңызға тегін рефераттар, тегін курстық жұмыстар, тегін диплом және де тегін әзіл ертегілерді ұсынамыз... Сайтымыздағы рефераттар саны күннен күнге өсіп келе жатыр... Тегін рефераттар биология, экономика, ән, қазақ әдебиеті, казақ тілі, орыс тілі, шет тілі, ағылшын, философия, өнер, тарих, экономика, информатика, дінтану, география пәндерінен рефераттар саламыз.... Назар қойып оқығандарыңызға рахмет!
Наш опрос
Сізге қай ел ұнайды?
Всего ответов: 18059
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Друзья сайта
  • Рефераттар, Курстық жұмыстар, Диплом, Кітаптар, ЕНТ / ПГК

    Главная » Файлы » Реферат » Философия

    Ақиқаттан адасудың азабы


    Скачать работу



    17.11.2009, 01:30

    Ақиқаттан адасудың азабы

     

    Әнес САРАЙ, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

     

    Шыңғыс Айтматовтың: "Адам тұлға ретінде траге­дия­лық қобалжулар арқылы ашы­ла­ды” — деп айтқаны бар. Шын­дығында, өмір тану мен адам тану дегеніміз – осы екеуі­нің трагедиялық кезең­дер­ге неге тап бола беретіндігінің сырын ашу.

    Алдан Смайылдың  "Фо­лиант” баспасынан жарық көрген "Тамұқтан келген адам” романының басты құндылығы да осында. Жазушы аталған шығармасында адам трагедия­сының ең бір үрейлі кезеңі — өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы сұрапылын таңдап алған. Дәл осы шақ – репрес­сия мен геноцид, тұтас ха­лықтарды ессіз идеологияның көзсіз құлына айналдыру, ұлттық тамырдан үзілу қатеріне алаңдамайтын санасыздық, шектен шыққан қаталдық, жойқын қырғындар адам жаратылысының құпияларына бойлауға шақырып тұрғандай. Романның көп қырлы филосо­­фиялық астарларынан сауып айтсақ, аталған тұста "Өмір де, өлім де жасанды еді. Одан кейінгі өмірлер мен өлімдердің табиғи бола аларына ешкім кепілдік бере алмайтын. Өйт­кені, кеше жер басқандар мен бүгінде жер басып жүргендер құдай сыйлаған өмірді екі­жүздендіріп әуре. Ал дәуірлер бойында көз жұмғандардың ішінде ақ өліммен өлгендер мен адам қолынан о дүниелік бол­ғандардың қайсысы көп екен­дігін ойласаң, сірә соңғылары шығар деп шошисың”.

    Сырт қарағанда тосын ой­лар секілденер, алайда адамзат­тың өткені мен қазіргі күн­дерінің трагедияларына үңіл­сең, дәл осылай бас қатырарың анық. Өркениеттің көгіне кө­терілдік деген бүгінгі заманда да адам тіршілігінде мәз бо­ларлық не бар? Сол баяғы атыс-шабыс, сол баяғы үрей, ал­дау мен сату, қатыгездік, эфир­­лерден күн сайын ести­тінің жарылыстар мен қақты­ғыстар.

    Сонда мына жалған адам мен адамды неге шабыстыра бе­реді? Бұған роман кейіп­кер­лерінің пайымы әркелкі.

    "Ғұмыр бойы қарасы өшкір өшпенділіктің құлы болдым ғой, — деп күңіренеді елге шыққан жазалаушы жасақтың қаныпезер басшысы.  — Ол мені қатыгездендіріп алып өмірі барларға қайрап салды да отырды”.  

    Көзін тырнап ашқаннан осылай, әуелі өмірге өлек­селеніп келген өзіне, содан соң айуанданып кеткен анасына өшікті, удай мас болып құлап жатқанда талай рет үнін өшіре сал­ғысы келген. Ессізденіп алып ойына келгенін істейтін сұмырай өз ажалынан өлсе, оған тек мұның біржола қор­қау­лана қоймағандығы кінәлі еді.

    Кейін көзіне көрінгеннің бәріне өшігетін болды, олардың өзі секілді бұралқы иттей бұра­тылып жүрмегендігі үшін, кү­ңіренбей күлгені үшін, жетім­сіремей жетіскені үшін...

    "Қарғыс айтып қыңсылап жүргендер өшін ала алмай өлек­­селенгендер ғой, олар қашан да өкініп өледі. Өші кетіп өшкендердің күйзелісінен сақтасын. Өзегі өртеніп тұрса да өшіге білмейтіндер баяғыда өліп біткендер, — деп тістенеді ол. – Мұңсызбын деп жүрген­дердің бәрі өздерінен өш ала алмайтынын сезеді. Қай­ғылының бәрі алынбаған өші­нің соңында ғұмыр бойы сал­пақтайды. Өмір өшіктіру мен өш алудан тұратынын ұқпаған­дар өшін қуғандарды қайдан түсінсін. Тәңірдің өзі бұларды тозақтан бетер жұмыр жерге өмір­ден өш алу үшін жамыратып жіберген жоқ па?!”

    Әкесіз, некесіз, бетімен кеткен шешенің арсыз өмірін толарсақтан кешіп өскен, өзі де хайуанданып алған жендеттің түйіні осындай. Ол қырда күні-түні қырғын салғанда, қолына қару ұстатқан ессіз идеология үшін емес, бұған қарағанда түтіні түзулерден өш алумен болады. Дүниеге ала-құлалығы үшін жауығады. Ал жалған дүниеде теңдік болған емес, болмайды да. Өшпенділік пен өш алу мәңгілік.

    Ел ату мен асудан, аш­тықтан көз алдында қоғадай жапырылып жатқанда, адам атаулының бір-біріне деген тұрпайы қатыгездігі қаладағы аз ғана ұлт зиялыларының бірі – Арыстанды да қарадай қажы­тады.

    "Жұрт неге қан кешіп жүріп ұрандайды? – деп тұйыққа тіреледі ол. – Адамзат осылай кезең-кезең қан ұрттап тұр­маса, талай-талай у құстырған қаншелек тарихтың қыбы қанбай ма? – Есі барды — есі­нен, мейірімі барды – мейірі­мінен, ары барды – арынан қас қағымда жұрдай қылған нендей құдірет?

    .....Өлгеннің ойы жұмбақ, өлмегеннің көңілі көмулі.

    Жалғандыққа жау серік – жалғандығын жасыруға. Қа­рауылда қалтыраған жұрт жау іздеп әлек. Жаусыраған күндер қансырап қағынады.

    Ойлай алғанның бәрі дұш­пан. Ойсыз заманға ой не керек. Ары барлар арам қатқан. Қан тілемегендер шетінен қауқарсыз”.

    — Иә, — дейсің, — адам­зат­тың өз ішінде жойқындана қақтығысып тұруы болмай қоймайтын тарихи құбылыс болып жүрмесін. Әйтпесе, адам­ның ақыл-ойы, өресі мен мәдениеті қару атаулыны лақ­тырып тастап, айқара құшақ айқастыруға жетерлік деңгейде ғой. Бірақ өмірдегі ақиқат әлі күнге соғыстар мен айқастар­дың өтінде қалтырауда. Жұмыр жердің жүрегі үшінші мың­жылдықта да жұлым-жұлым.

    Бәлкім, жауығуға Арыстан жобалағандай өмірлік ақиқатты жасанды ақиқатқа айналдыру­дан жалықпаған идеологиялар себепкер шығар. Сіз осы за­манда қойдай өріп жүрген қай идеологияға тәңірдей табына алар едіңіз? Батыстық па, Шығыстық па? Мұсылмандық па, христиандық па? Ұлттық па, жалпы адамзаттық па? – Мынау! – деп кесіп айта алмайсыз. Идеологиялар айқын ақиқатқа адасып жүріп жетеді. Адамзаттың адасуы қашан аяқ­талары белгісіз. Тәңірлік ақиқат та солай, менің ғана құдайым хақ дегендер жыртылып айы­рылады. "Жалғандыққа жау серік екендігі” де шындық. "Жалғандығын жасырудың” төте жолы сол, жау іздеу. Бұ­рын да солай болған, қазір де солай. Азулылар державалық жалғандығына дұшпан іздеп әлемді аласұра шарлап жүр. Ығына ымдап көреді, ыңға­йына ермесе, қарауылға алады. Сондықтан да Арыстан пайым­дағандай "өмірі барлар өмірден үрейленуді ғана біледі, өмірдің өзге шындығының бәрі қау­қарсыз, ....елдің жұмақ іздеген жүрегі жұлым-жұлым”.

    Осындайда ағылшын фи­лософы Бертран Расселдің: "Адам жаны құдай мен жырт­қыштың қоспасы, екі қайнар көздің күрес аренасы” — деген тұжырымы ойға оралады. Адам­ның бір қылығына қара­саң – періштедей мөлдір, екінші қы­лы­ғына қарасаң — әзірейілдей үрейлі. Роман арқау еткен кезеңде соңғы қылық қалың-ды, сұйылатын тұсы туралы болжау айту қиынның қиыны еді. Сондықтан да жағалай қырғыннан қалтыраған әпенді Әлмағамбет: — Таң ата­ды қан сұрап, кеш батады қансырап! – деп зар илейді. "Хан шарабы қан болар, қан ұрттаған хан болар!” — деп түңіле күңіренеді. "Адам – бекер, сайтан - хақ, жұмақ — жұмбақ, тозақ — хақ!” — деп өзі сеніп келген ұлы шындығы – тәңірлік ақиқаттан айырылады.

    Маған осы әпенді даланың сағым сынды әулиесі болып көрінді. Адамның өзіне ғана аян құпия тылсымында көзіңе елестетіп болмайтын, көңіліңді әркез аулайтын, қиналғанда жүрегіңнің түкпірінен елеңдеп табыла кететін әулие сезімің болады ғой. Ол да сар даланың сондай киелі сезімі, көз ал­дындағы шындықтан жалта­рып, елес үмітке ере алмайтын, ақиқаттан ақиқат іздейтін, жал­ғаны жоқ жабырқаулы түйсік. Оның тілімен ел рухының, өткені мен кеткенінің шын­дығы сөйлейді.

    Жұмыр жердің бір пұшпағы – сайын даланың басынан ақтабандар да, ала қайғылар да талай-талай өтті ғой. "Өлімді өлім таптаған” аруақсыз, рух­сыз күндер де аз болған жоқ, көрдегілердің сүйегін кеміріп күңіренткен идеологияның құлына да айналдық бір кез. Енді ес жинап, еңсе көтергенде, сол күйзелістердің құрдымға кетуін құдайдан бұршақ салып тілеудеміз.

    Ал сорлы әпенді бізбен жаны қинала тілдеседі, қай-қайдағы шерді қозғайды. "Адам азды екен деп, тәңір неге адасқан?” — дейді, тәңірлік ақиқаттың адамдық жалған ақиқаттың алдындағы дәрмен­сіздігіне күйінеді.

    Анығында тәңір адамға өз ақиқатыңды өзің таңда демеуші ме еді, ол сені іздеуші емес, сен оны іздеушісің. Таба аласың ба, жоқ па, — оңалуыңа, не оңал­мауыңа сол сын.

    Әпенді болса, адам атау­лының  бұл өмірде тәңірді таба алатындығына сенбейді, ол үшін жалғанда жаңылудан көз ашпай жүргеннен тәңірдің мәңгілігіне өткен жеңіл.

    От тәңірден ескен мына самалды-ай,

    Өртеніңдер, өртенейік жағалай!  

    Әпенді байғұс алаяқ өмірден өшін осылай алмақ. Азабымен, мазағымен ығыр қылған өмірден осылай кек­теніп өтуге қанша бейбақ құш­тарланды екен? Қанша мұндар құштарлануда екен?

    Диуана сана солай толған­тады, өзіміз куә жарық дүние­нің бет пердесін жұлып тастап, талай халден хабар салады, тереңдегіні  қозғайды. Соның сарынына сүңгіп  отырып, бір кездердегі сұмдықтар көз ал­дымда тірілген. Жаппай қы­рып-жоятын қарулардың сынақ аймағына айналған батыс өңір­дегі мекендерде жап-жас жігіт­тер ойда жоқта көзден таса жерде асылып қалатын. Мұн­дай үрейлі дағды Семей жағында да аз ұшыраспапты, дүмпулер мен самғаулардан зә­резап болған Жезқазған ма­ңында да жиі кездескен көрі­неді. Есіңе алсаң осы күнге дейін түршігесің. Кім білген, бәлкім әлгі сорлылар жердегі тозақ отына бізден бұрын күйіп, адамдық ақиқаттың аш­көздігінен мүлде жеріп, Әлма­ғамбет сарынданып барып мәң­гілікпен ерте табысқысы келген мұндарлар шығар. Мәңгілікке мәнсіздік құштарлан­дыратын­дығынан сақтасын.

    Үбірлі-шүбірлі отбасынан, ауыл-аймағы мен өрістегі мал­дан түгелдей айырылып, жал­ғыз қалған Смайылдың түйіні де ойландырарлық.

    "Жұмыр жерде өзіне де, өз­геге де жұғымы жоқ жал­ғыз жұрт болса, шыбын жа­ны тура­лы жантәсілімде ғана ойлайтын өз жұрты шығар.

    Жәдігөй жердің жымыс­қылығына жарамсыздығынан ба екен?!

    Аңқаулық ақылсыздық­тан емес, өзіне де, өзгеге де адал­дықтан ғой. Адалдықтан жапа шегуден арылмаған жал­ғыз ел болса, ол да қына­дай қырылып жатқан сол сор­лы ел шығар. Ақ көңілі айық­пас дерт екенін түсін­бей кетіп барады. Сол дерт кө­шеде көк арба болып қы­ды­­рып, өлігін ойнап-күліп теріп жүр.

    Көк арба толса – төгеді,  толмаса – төбесінен төнеді”.

    Ақиқат қой бұл да. Қазақ қай қоғамға бейімделіп, қай заманның төріне шығып еді?! Оны өзіне бейімдегісі келген қоғам да болған жоқ, икем­делмеуін тілеп, өзекке тебу­мен келді. Көңілі даладай дархан жұрт, сірә аңғарды ма екен соны, күреп алып, қасықтап берсе, қоғадай  жапырылып, құшақ жайды емес пе. Арамға да, арсызға да адалдығымен жақпақшы болды. Адалдығы ақылынан да, амалынан да жаңылдыр­ды. Қитұрқы замандар құй­рығын ұстатпайтын қулы­ғымен құрықтап-ақ баққан. Көшедегі мүрдесін көк арба болып теріп алғанын да міндетсінген.

    Әсіре адалдық пен ақ көңіл қазіргі заманда да қапы қалдырмасын деңіз. Үшінші мыңжылдықтың қулығы ішке жағатын майдай жылп-жылп етеді.

    Қазақ тарихынан теріп алатын ой аз емес. Қазақ қайғысынан шертер сыр да көп. Қазақ бақытсыздығын тарихтың тепкісін мол көр­ген Африка континентімен салыстыра алар едің. Осы құрлықтың қазіргі қаламгері Андре Бринк: "Оңтүстік Африканың өмірі — қор­қы­нышты оқиғаларға құрылған роман. Менің отаным – қайғыдан рекорд жасаған ел” — дейді. Төл жұртыңның ақтабан-шұбырындыларына қарап отырып, ондай рекорд қазақ жұртына таңсық емес дегің келеді.

    Ашығын айтайық, мына жаңғырған дәуірде сана да, ерік-жігер де өткен қоғам­дардың шырмауықтай шырмап алған, тәуелділікке телмірткен рухани тұтқын­дауынан азат болғысы келеді. Ғасырлар бойғы азап — мех­наттар мен жүректі сыз­датқан ыза кектен де арыл­ғысы келеді. Арылып тұрып ұлттық құдіретті рухпен дәуірлік сілкініс жасағысы келеді. Романда осы арман-құлшыныс өзін бәрінен жұрдай еткен үш жауын Бетпақдалаға айдап әкеліп, еркіне қоя берген Смайыл­дың азаматтық ерлігі арқылы сәтті берілген.

    "- Бітті! – деді – Бітті осымен! Бетпақта сағым жал­датқан, сабырын сұйылт­қан сапар мен үшін сар­қылды. Сендер үшін қашан сарқыларын, сұрай алсаңдар, Бетпақтан сұраңдар!

    Сумаң-сумаң сусыған тұз тозаңды қағына кеткен құйын құтыртты, бозала боран бозара қалған даланың қиянына бошалады.

    — Мен сендерден енді азатпын! Сендер менен азат бола алсаңдар!

    Жалпақ сорда боз бо­рандатқан аптап даусын айдалаға ала қашты.

    — Бола алсаңдар..... бола алсаңдар!

    Құйыннан соң құйын ойнады, тұз татыған дала тұз жалап сарнады.

    Ұйқы-тұйқы үшеуді ұйлықтыра таялды.

    — Азат бола алсаңдар!”

    Иә, қазақ мехнатынан қиянатшыл дүние азат бола алса, Алаш елінің ұлттық санасы мен рухы қиямет­қайымнан азат болуға тал­пынып жатыр. Сол талпы­нысқа дем беретін қазақ тарихының философиясы керек, өткен замандарда неге ұтылғаныңды айғайлап ай­тып беретін философия.

    "Тамұқтан келген адам” романы осы қажеттікті сезі­нуден туған, кешегінің өзегі­нен ой сауған дүние, алыс-жақын тарихтың көркемдік философиясы, әдеби-эс­тетикалық жаңа ізденіс. Шы­ғарманың өнбойында әлдебір құдіретті үн: "Халқыңды азат еткің келсе, рухын азат ет!” — деп жар салып тұрғандай.

    Ұлтының жүрегіне үңіліп, рухын аршып алғысы келген жазушыны осы сәтті тал­пынысымен, биік марапатқа толық лайықты туынды­сымен  құттықтай аламыз. Шығарма қазақ әдебиетінің әркім айтып жүргеніндей тоқырау үстінде емес, зама­налық талаптарға төтеп беру­ге ұмтылыс үстінде екенін көрсетеді.

    Скачать работу

    Категория: Философия | Добавил: AgesSa
    Просмотров: 2467 | Загрузок: 10 | Рейтинг: 0.0/0
    Всего комментариев: 0
    Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
    [ Регистрация | Вход ]
    Форма входа
    Поиск
    Пойск


    Copyright MyCorp SiteMap  SiteMap №2© 2016